23 мамырда Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде асыраушысынан, жақындарынан айырылған 11 адам әкімдікке жиналды. Олар әкімдіктен Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, қаза болған Еркебұлан Сыдықбаевтың балаларын балабақшаға орналастыруды сұрады. Марқұмның әйелі, кәмелетке толмаған төрт баланың анасы Сая Есенгелді де биыл ақпанда жол апатынан қаза болған еді. Қаңтарда асыраушысынан айырылған әйелдер әкімдіктен баспана да сұрай келді.
"Төрт бала үлкен кісінің қолында қалды. Ол кісі онсыз да стресс алып отырған адам. Не медициналық көмек жоқ, не балабақшадан көмек жоқ. Саяның өліміне де егер үкімет атып өлтіріп тастамаса, Сая да көшеге шығып, машина айдап, қайтыс болмас еді ғой. Енді соның тіпті ең негізгі заттарға, балабақшаға көмектеспесе, мамасының медицинасына көмектеспесе, онда білмеймін, үкіміттен не күтеміз, не үміт, не қайыр" деді Тұрар Арыстанқұловтың жесірі Әлия Сәкенқызы.
Жиналғандар ақпарат құралдарына кезек-кезек шағымдарын айтты. Олар Қаңтар кезінде жазықтан-жазықсыз өлтірілгендердің отбасына мемлекет қолдау жасау қажеттігін атап өтті.
"Сіздің күйеуіңіз - кінәсіз, жәбірленуші, бірақ атқан адам табылмағандықтан, үкімет кінәсіз дейді. Ол қалай кінәсіз? 20 мың террорист кірді дегені рас па? Рас. .... Оны өтірік ақпарат деді. Сол өтірік ақпараттың салдарынан біздің балаларымыз әкесіз қалып отыр, біз күйеусіз, асыраушысыз қалдық. Үйсіз-күйсіз жүрміз, айналып келіп, 7 миллионды айта береді. Ол өтемақы емес, ол бір реттік көмек. 70 миллион берсін, сосын көзіме шұқып тұрып айтсын. Менің күйеуім өз өлімімен, ауырып өлсе, немесе ажалы жетіп, апатқа тап болса, мен келмес едім" деді Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Кадирова.
Әкімдік алдына жиналған өзге әйелдер де тұрмыс тауқыметі туралы айтып, мемлекет өз азаматтарына көмектесуі керек деді.
Жиналғандарды Алматы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Сариев қабылдады. Алайда жиналғандар одан мардымды жауап естімегенін айтты.
Азаттық Сариевтің өзімен сөйлеспекші болды, бірақ ол жиналысқа кіріп кеткенін айтты.
Мемлекет Қанды Қаңтарда кездейсоқ қаза болған жиыны 151 адамның отбасына 7 миллион теңгеден қайырымдылық көмек берген. Олардың кәмелетке толмаған әр баласына 2 миллион теңгеден берілген. Бұл ақша - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қорының атынан берілді. Қорға ауқатты кәсіпкерлер, ірі компаниялар ақша аударды.
Өткен аптада Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам бас прокуратура алдына жиналып, үкіметтен баспана мәселелерін шешіп беруді сұраған. Кәмелет жасына толмаған балаларын қарап, жұмысқа шыға алмағанын айтқан кейбір әйелдер асыраушысынан айырылған отбасына берілетін жәрдемақыдан өзге табыс көзі болмағандықтан күн көрісі ауырлағанын айтқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.