Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутин ауылы маңында тағы да өлі итбалықтар табылды деп хабарлады ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.
“Бүгін Евроньюстың түсірілім тобымен бірге Каспий теңізіне қатысты экологиялық мәселелер туралы репортаж түсіру үшін Форт-Шевченкоға келдік. Ондағы көріністен шошып кеттік. Жағалаудағы шағын кеңістіктің өзінен 50-ден астам өлі ересек итбалықты таптық. Және бұл бір шақырым ғана” деп жазды блогер бір күн бұрын.
Оның сөзінше, жергілікті балықты қорғау инспекторлары екі күн бұрын ғана бұл жерден 160-тан астам өлі итбалық тауып, утилизациялаған.
Каспий жағалауынан өлі итбалықтар жиі табылады. Жыл басынан бері осыған ұқсас ақпарат бірнеше рет тарады.
Былтыр күзде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында табылған өлі итбалық саны екі мыңға жуықтағаны хабарланды. Биыл қаңтарда Алматыдағымикробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы "итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылғанын" хабарлаған.
Былтыр қарашада гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.