Ерболат Досаев Қазақстан президентінің жарлығымен Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. 24 мамырда таңертең Ақорда сайтында тиісті жарлық жарияланды. Досаевтың қызметтен кету себебі айтылмайды.
55 жастағы Ерболат Досаев Қанды Қаңтардан кейін Алматы әкімі болып тағайындалған.
Ол мемлекеттік қызметке 1990 жылдардың соңында келді. Үкімет пен қаржы секторында ірі лауазымды қызметтерді атқарды. Денсаулық сақтау, экономикалық даму, ұлттық экономика министрліктеріне жетекшілік етті. Әкім қызметіне тағайындалғанға дейін үш жыл ұлттық банктің төрағасы болды. 2006-2012 жылдары аралығында бизнеспен айналысқан. 2014 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең дәулетті 50 кәсіпкер қатарына енгізген.
23 мамырда кешке жергілікті мәслихат хабарламасына сүйенген БАҚ жаңа әкім бүгін тағайындалатынын жазған еді.