Сарапшылар сотта Шерзат Полатты аман алып қалуға болатын еді деді

Сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта сөйлеп тұр. Талдықорған, 23 мамыр 2025 жыл.

23 мамырда Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта сот медицина сарапшылары Мұхит Көшеров пен Тахир Халимназаровтан жауап алынды.

Сот кезінде сарапшы Мұхит Көшеров Шерзат Полаттың қазасына кеуде тұсындағы пышақ жарақаты, сол жақ өкпенің зақымдануы және өкпеқап қуысында қанның жиналуы себеп болғанын айтты.

"Дер кезінде көмек көрсетілмесе, көбіне мұндай жарақат өлімге алып келеді. Егер мына жағдайда арнайы жедел медициналық көмек, хирургиялық араласу, қанды тоқтату және жоғалған қан көлемін құйып, толықтырғанда аман алып қалуға болатын еді" деді Мұхит Көшеров.

Ол сонымен бірге Шерзаттың көзінің асты көгергенін және сырылған айтты. Марқұмның саусақтары мен сол жақ сирағында да сызат болған. Желкесі қанталаған.

Бұдан кейін тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров жауап берді. Ол бір жыл бұрын Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша істе сарапшы болған. Ол да Шерзаттың өліміне көп қан жоғалтуы себеп болғанын айтты.

"Мәйітті зерттеген кезде кеуде қуысында 1,5 литр бос қан анықталды. Көп мөлшерде. Өйткені қан тез жоғалтқан кезде 500-600 миллилитрдан кейін адамның жағдайы ауырлай түседі. Бір литр қан тез кетіп қалса, сол кезде адам есінен танып, ауыр жағдайда болады...Бір литрға дейін қан кеткенге дейін көмек көрсетілгенде онда оны аман алып қалуға болар еді" деді Тахир Халимназаров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шерзаттың соты: Сотталушылардың бірі қылмысты кім мойнына алатыны алдын ала келісілгенін айтты