Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампты, егер Мәскеу жақын арада Украинада атыс-шабысты тоқтатуға көнбесе, онда Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды.
AFP агенттігі аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Зеленский мұны Трамппен телефон әңгімесі кезінде айтқан деп хабарлады. Трамп дүйсенбі күні Путинмен болған телефон әңгімесінің мазмұны жайлы Украина президентін хабардар еткен. Зеленский мен Трамптың телефон әңгімесі 10-15 минутқа созылған. AFP дереккөзіне сүйенсек, Зеленский: "президент Трамптың өзі ұсынғандай, атысты тоқтату режимін орнату қажет, ал егер олай болмаған жағдайда, санкциялар енгізу қажет болады", – деп мәлімдеген.
Зеленский дүйсенбі күні кешке Ресей "өзімдікі" деп есептейтін және ресми түрде өз құрамына қосып алған Украинаның өңірлерінен украин әскері ешқайда шығарылмайтынын тағы да қадап айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дональд Трамп пен Владимир Путин екі сағаттан артық сөйлестіКремль Украинадағы соғысты тоқтатудың басты шарты ретінде Украинаның Запорожье, Херсон, Донецк және Луганск облыстарын толықтай Ресей қарамағына өткізуді талап етіп отыр. Украина президентінің сөзінше, ол Путин Трамппен әңгімесін түсіндірген кезде айтқан "бейбіт келісім туралы меморандумның" егжей-тегжейімен әзірге таныс емес. Украина Ресейдің ұсыныстарын нақты білген соң ғана өз ұстанымын білдіре алады деді Зеленский.
19 мамыр күні Зеленский Украинадағы соғысты тоқтату келіссөздерін жүргізу үшін кеңейтілген тұрақты ұлттық топ құруды тапсырды. Ол мұны Украина қорғаныс министрі Рустем Умеровпен кеңес өткізгеннен кейін жариялады. Умеров өткен аптаның аяғында Стамбұлда Ресей делегациясымен өткен келіссөзге Украина делегациясын бастап барған. Ол Зеленскийге Стамбұлдағы келіссөздің егжей-тегжейін баяндаған. Келіссөздегі негізгі нәтиже – "1000-ға 1000" форматы бойынша әскери тұтқын алмасу туралы келісім жасалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұтқын алмасу, Зеленский-Путин кездесуіне ұсыныс. Стамбұлдағы келіссөз қалай өтті?Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига және президент кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак АҚШ өкілдерімен және еуропалық әріптестермен – Франция, Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша және Түркия өкілдерімен болған кездесулер мен байланыстар жөнінде есеп берген.
Зеленскийдің айтуынша, Стамбұлдағы келіссөзді "украин делегациясы абыроймен өткізіп" келген.
"Ресейдің қоқан-лоқы әрекеттерінің бәрі тойтарылды. Украина адамдардың өмірін сақтау және дипломатиялық негіз қалыптастыру үшін атысты толық әрі сөзсіз доғару қажет деп санайды. Және де атыс ұзақ мерзімге тоқтатылып, қажет болған жағдайда ол мерзім ұзартылуға тиіс. Біздің өз әріптестерімізбен келісілген ұсынысымыз – 30 күн. Біз бұған дайынбыз. Оған қоса, негізгі мәселелерді шешу үшін жоғары деңгейде кездесу өткізуге де дайынбыз. Украина Ресеймен тікелей келіссөз өткізуден қорықпайды, және де Ресей басшылығы соғысты соза бермей, шешім қабылдағаны маңызды", – деп жазды Владимир Зеленский әлеуметтік желіде.